«Армысың, Әз – Наурыз құтты болсын!» мерекелік сценарий
1-жүргізуші:
Армысыңдар халайық
Бармысыңдар халайық
Наурыз тойда жиналып
Шаттанып бір қалайық.
2-жүргізуші:
Армысыздар, үлкен-кіші ағайын!
Бүгін – Самарқанның көк тасы еріген күн.
Бүгін – Жаңғыру мейрамы!
Бүгін – Жыл басы, Жаңа жыл!
1-жүргізуші:
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар!
Жер жүзіндегі халықтардың бәрінің де түрлі мейрамдары бар.
Шығыс халықтарының сондай ерекше мейрамдарының бірі – Наурыз мерекесі.
2-жүргізуші:
Бәріміздің көптен күткен Наурызымыз да келді!
Наурыз тойларыңыз құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді боп, тілектеріңіз қабыл боп, аман-есен тойдан тойға жетіп, ескі ауыртпалықтарыңыз ескі жылда кетіп, жаңа жылда, жаңа үміт, жаңа тіршілікпен, осы ұлыстың ұлы күнінде елімізге, жерімізге Наурызымыз
есігін қуанышпен ашсын. Барлық жақсы ниет-тілектеріңіз қабыл болсын! Қараөткел ауылы №6 орта мектеп оқушылар ұйымы дайындаған «Армысың, Әз Наурыз» атты мерекелік кешіне қош келдіңіздер!
1-жүргізуші:
Уа, халайық, халайық!
Ақ сандықты ашайық,
Бұл мереке, бұл тойдың
Шашуларын шашайық!
Тәрбие ісінің орынбасары: Смагулова М.С