Ауған – отты жылдар естелігі
«Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» деген екен бір дана қария. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман – сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызбен кездесіп, сұхбат жүргізу – біз үшін бір ғанибет. Уақыт пен тарихтың мәңгі жадында қалған оқиғаларды өз басынан өткерген ағаларымыздың айтары да, бізге берер тәлімі де мол.
«1989 жылдың 15 ақпаны – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шыққан күні. Көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдарды басынан кешкен, сол кезде қаза болған бауырларымызды еске алатын күн.
Майдангер азаматтар жастарымызды отансүйгіштікке баулитын, өмір мектебінде шыңдалған жандар. Ауған соғысының ардагерлері Екінші дүниежүзілік соғысты көрген ақсақалдардың лайықты ізбасарлары деп білеміз.
Ақпан айының он бірі күні Қараөткел ауылы №1 ЖОББМ Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 33 жыл толуына орай «Ауған – отты жылдар естелігі» атты тақырыпта ауған – тәжік соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өткізілді.
Кездесу кешінің мақсаты: ауған – тәжік соғысы ардагерлерін құрметтеу, жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін оятып, Отан үшін отқа түсіп қыршынынан қиылған, жат жерде көз жұмған қандас азаматтарымызды еске алу, жауынгерлердің қысқа ғұмырынан үлгі – өнеге, тарихи тағылым беру.
Кездесуге Қараөткел ауылының әкімі Мукушов Азамат Серікұлы, ауған – тәжік соғысы ардагерлері: Токабаев Ерғали Жоламанұлы, Керкеев Ерболат Тілеужанұлы, Сәтбаев Қайрат Аманжолұлы және сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгер ағамыз Тоқмағанбетов Мақсұтбек Жақаншаұлының әкесі Тоқмағанбетов Жақанша атамыз бен Пейшенкүл әже шақырылды. Кездесу кешке мектебіміздің «Парламент мүшелері» және 9 сынып оқушылары қатыстырылды. Кездесу барысында бір кездегі сарбаздар, жауынгерлік рух, ұлттық намыз жөнінде сөз қозғап, оқушылардың қойған сауалдарына жауап берді. Ауған, Тәжік жерлеріндегі оқиғаларға тоқталды.
Тарих беттерінде өзіндік із қалдырған Ауған асуының ақиқаты жайлы ой бөлісу, сол күндерде қатерге бел буып, ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлер жайында сыр шерту келешек жастар үшін үлкен тарих.
Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Ұрыста қаза тапқан жауынгерлердің ерліктерін есімізде мәңгі сақтау біздің қасиетті борышымыз.
Ардагерлеріміздің әңгімелеген әрбір ерліктері оқушылардың патриоттық сезімдерін оятып, Отан сүйгіштікке баулитыны сөзсіз.